Петропавлда жауыннан кейін көшелерді су басты
Петропавлда толассыз жаңбыр жауып, көшелер мен аулалар көлшікке айналды.
Қатты нөсерден суағарлар толып, ағын су жан-жаққа жайылды. Ауа райының күрт бұзылуынан тұрғындар жаппай шағымданып, коммуналдық қызмет мамандары күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Бұл үйдің тұрғындары жаңбыр жауған сайын әуре-сарсаңға түседі. Қатты нөсерден жертөленің іші көлкіп тұр. Судың деңгейі белден асып, тұрғындардың сақтап қойған заттары бүлініп кеткен.
Қымбат Тұмұрзина, қала тұрғыны:
- Подвалдағы заттарды бүкілін лақтырдық. Өйткені ол жарамайды. Енді ана жолы свет болмағанда морозильнектегі бүкіл продуктіні жинап оны лақтырдық. Өйткені, екі күннің ішінде ол бүлініп кетті.
Петропавлда соңғы күндері найзағай соғып, нөсер жаңбыр толастамай тұр. Ауа райының бұзылуынан көшелер көлшікке айналып, жағымсыз иіс пайда болды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл жай ғана жаңбырдың суы емес. Оған кәріз қалдықтары да қосылған. Міне үй алдындағы құдықтар лық толы.
Петропавлда кешеден бері 33 мм жаңбыр жауған. «Бұл жауынның бір айлық мөлшеріне жетіп қалады», - дейді синоптиктер. Соңғы тәуліктің ішінде «iKomek» қызметіне 70 қоңырау келіп түскен.
Әсем Айтолла, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Коммуналдық қызметтер кешеден бері жұмыс істеп жатыр. Олар 5 бригада шығады. 65 адам және 40 техника күнделікті тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Және әлі де жұмыстарын жалғастыруда.
Қала бойынша суағарлардың жалпы ұзындығы 200 шақырым болады. Оның тең жартысы ашық жатыр. Қатты жаңбырда су өткізгіш жүйесі лық толып, көшелер көлшікке айналады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов