Ұлытау облысында 5 мыңға жуық адам тазалық шарасына қатысты

Ұлытау облысында 5 мыңға жуық адам «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Қалалар мен ауылдарды тазалауға мекеме ұжымдары, қоғамдық бірлестік қызметкерлері мен жастар шықты. Ұлытау ауданының тұрғындары «Күміс бұлақ» және «Тасбұлақ» бұлақтарының аумағын жинаса, жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің жағасын тазартты. Ал облыс орталығы және Сәтбаев қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері «Құстарға қамқорлық» акциясын өткізді. 

Жұмажан Өтегенов, қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- 63 бірлік техника, 90 тонна қоқыс жиналды. Сәуір айында басталған акция ары қарай да жалғасын таба береді. Бүгінгі тазалық шарасына облысымыздағы кәсіпорындар, мекеме ұжымдары мен тұрғындар жаппай атсалысты.

Шахыбал Тәпішова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Тазалық сақтайық. Бір кісідей атсалысып, тазалықты сақтап жүрейік. Қаламыз таза болса, өзімізге жақсы ғой. Қаламыздың тазалығына атсалыса берейік.