Ұлытау өңірінің тұрғындары жаппай тазалық жұмыстарына атсалысты
Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында өткізілген тазалық жұмыстарына 4,5 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Өңір тұрғындары саябақтар мен гүлзарларды, көшелерді тазалады. Игі шараға кәсіпорын жұмысшылары, қоғам белсенділері, жастар мен волонтерлер қатысты.
Тұрғындар тазалық шарасына бір кісідей жұмыла атсалысып келеді. Бүгін олар саябақтар мен гүлзарлардың, көшелер мен аулалардың, кәсіпорындар аумағындағы қоқысты жинады. Оған «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары да қатысты. Ал Ұлытау ауданында жұртшылық бұлақтардың айналасын көркейтті. Жаңарқалықтар болса Сарысу өзенінің бойындағы шашылған қоқысты полигонға тасыды. «AMANAT» партиясының өкілдері де тазалық жұмыстарында белсенділік танытты. Табиғат ананы қастерлеу парызымыз, – дейді партия филиалының бөлім басшысы Гүлбану Сейітжанова.
Гүлбану Сейітжанова, «AMANAT» партиясы ОФ бөлім меңгерушісі:
- Осы «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен биыл Кеңгір өзенінің бойындағы қоқыстарды сыртқа шығару үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір де мына жаз айларында біздің «Жасыл ел» жасақтары да үлкен тазалық мәселесімен айналысып жатыр. Өңіріміздің таза болуы өзіміздің тұрғындарымызға байланысты.
Тұрғылықты мекенжайды, елді мекенді таза ұстау, табиғатты ластамау – келешек ұрпақ алдындағы парыз. «Сондықтан осындай шаралар жиі ұйымдастырылуы керек», – дейді Жезқазған тұрғыны Шахыбал Тәпішова
Шахыбал Тәпішова, қала тұрғыны:
- Тазалық сақтайық. Бір кісідей атсалысып, тазалықты сақтап жүрейік. Қаламыз таза болса, өзімізге жақсы ғой. Қаламыздың тазалығына атсалыса берейік.
Жұмажан Өтегенов, қоғамдық даму басқармасының басшысы:
- 63 бірлік техника, 90 тонна қоқыстар жиналды. Сәуір айында басталған акция ары қарай да жалғасын таба береді. Бүгінгі тазалық шарасына облысымыздағы кәсіпорындар мекеме ұжымдары мен тұрғындар жаппай атсалысты.
Ал Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде «Құстарға қамқорлық» акциясы өтті. Балалар ата-аналарымен бірге ұя жасап, оларды балабақша ауласындағы ағаштарға ілді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Нурбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов.