Шымкентте 5000-нан астам адам экоакцияға қатысты
Шымкентте барлық аудан аумағында өткізілген «Таза Қазақстан» акциясында 65 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды, деп хабарлайды 24kz.
5 мыңнан астам адам жалпыхалықтық науқанға үлес қосты. Олар аулалар мен көшелерде санитарлық жұмыстарды жүргізіп, 75 шақырым болатын ирригациялық жүйелерді тазартты. Өзен жағалауларында шашылған қоқыстар жиналып, бүлінген орындықтар қалпына келтірілді. Төңіректен шыққан қалдықтар арнайы көліктерге тиеліп, полигонға жөнелтілді. Акцияға қатысушы, Қаратау аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков «қаланың ажарлана түсуі үшін әрбір адам тазалыққа үлес қосуы керек», деп есептейді.
Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
- Міне, ақсақалдарымыз, ардагерлеріміз қатысып отыр. Осы жастарға, кейінгі толқынға бата беріп, ақ тілегін айтып, керек болса шамасы келетіндер осыған үлес қосып жатқан жағдайымыз бар. Сондықтан бұл – біздің елдігіміздің, бірлігіміздің белгісі. Сол себепті осындай өміршең бастамалар жалғасын таба береді деп ойлаймыз.