Астаналық оқушылар мектеп айналасында жеміс өсірді
Елордалық оқушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ерекше ынтамен атсалысып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
№43 мектеп-қосымша білім беру орталығының бастамалары бұған мысал. Бүгінде оқу ошағының айналасында бау-бақша жайқалып тұр. 50 түп алма ағашы, алғашқы жемісін берді. 18 гектардан астам аумақты, жылыжай мен гүлзарлар алып жатыр. Балалар жемістің түр-түрін өз қолымен өсіруді үйренген. Ортақ мақсат – айналаның жасыл мекенге айналып, гүлденуіне септесу.
Алма көшеттері мектеп ауласына егілген жылы Дарын бастауышты тәмамдаған еді. Қазір ол 9-сыныпқа көшті. Бірнеше жыл ішінде ой-өрісі жетілген баламен қатар ағаш та тәтті жемісін беріп үлгерді.
Дарын Тәңірберлинов, оқушы:
- Бұл алма ағаштарын біз ата-аналар мен балалар қосылып отырғыздық. 4 жыл өсіріп бүгін алмалардың дәмін көріп жатырмыз. Бұл алмалардың дәмі өте жақсы болып шықты.
Оқу ордасының басшысы: «бұл – алма бағымен ерекшеленетін елордадағы жалғыз мектеп», – дейді. Игі іске жұмылған ұстаздар мен тәлімгерлердің ұйымшылдығын мақтан тұтады. Еңбекқорлықтың нәтижесі, міне, айнала жасыл желекке айналған. Бұған дейін егілген 30 алма ағашына биыл тағы 20 түп көшет қосылды.
Нұртас Жағабаев, №43 мектеп директоры:
- Біздің мектеп 2020 жылы осы жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Содан бастап біз мектеп – қосымша білім беру орталығы деп ашылдық және қосымша білім беру болғандықтан кейін біз «Жасыл мекен», «Таза Қазақстан» бағдарламаларын қолдап, балаларымзды тазалыққа, қоршаған ортаны қорғауға, оны аялауға тәрбиелеу мақсатында мектебімізге 2021 жылы білім басқармасының қолдауымен алма ағаштарын Орал қаласынан әкеп отырғызған болатынбыз.
Мектеп ауласында жыл он екі ай өнім беретін жылыжай да бар. Онда оқушылар биология пәні мұғалімімен бірге түрлі жеміс, аскөк өсіреді. Тұқым себу кезеңінен бастап барлық процесті өз қолдарымен жасап, зерттеу жүргізеді.
Кәмшат Ілиясова, оқушы:
- Бұл жерде көп жеміс өседі. Міне, сәбіз, қияр, қызанақ, ана жерде аскөк, ақжелкен. Біз оларды күнде күтеміз, арамшөптерін жұламыз. Бұл жерде тамшылатып суару жүйесі бар, сондықтан суару туралы қатты уайымдамаймыз. Сыныптастарыма ұнайды, маған да ұнайды.
Ал мынау – биыл салынған бақша. Бұнда да гүлдер мен жемістер жайқалып тұр. Алғаш рет құлпынай егіліпті. «Жасыл жасақ» қатарындағы оқушылар күн сайын келіп күтіп-баптайды.
Баян Секербаева, биолог:
- Осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, жабық жылыжайымызда өсірілген тұқымдарымызды даярлап, өзінің кезеңі келген кезде ашық жерге алып отырғызылған. Ең негізгі мақсат – осы балалардың зерттеуі.
Қазір мектеп ауласында 50 түп алма ағашымен қатар шие, қарақат бұтақтары бар. Келесі жылдан бастап алмұрт өсіріледі. Міне, мұғалімдер мен оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі әрі жастарды еңбекқорлыққа баулудың нәтижесі осындай «жеміс» беріп отыр.