Елордада «Таза дүйсенбі» акциясы өтті

Елорда көшелері таңсәріден қарбалас. Кәсіпкерлер мен жастар күш біріктіріп, қалада «Таза дүйсенбі» акциясын өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Күл-қоқыстан шаһардың орталығы ғана емес, шалғайдағы тұрғын алаптар да тазарды.

«Тазалық – табалдырықтан басталады». Астаналық кәсіпкерлер ғимаратының айналасын жинап, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді. Шараға 2 мың азамат қатысты. Нәтижесінде «MEGA Silk Way», «Керуен» сынды ірі сауда орындары мен базарлар қалдықтан тазарды.

Кәсіпкерлер қала ішінде қалдық теріп жүргенде жастар шаһар сыртына шықты. Елорданың да шеті күл-қоқысқа толы екені ешкімге жасырын емес. Әсіресе Көктал-2 тұрғын алабындағы жағдай күрделі. Сол үшін «Жасыл ел» жасағы дәл осы аумақты таңдап алып, 1,5 тонна қоқыс жинады. Жоба жетекшілері шаһар шетіндегі тазалық жалғаса беретінін айтады.

Шаһар сыртындағы тазалық жұмыстарына 4 мыңнан аса жас тартылады. Оларға жалақы төленіп, арнайы киім һәм қапшықтармен қамтылады. Тазалық – ортақ игілік. «Жасыл ел» жасағы жұмысты жалғастыруға дайын, дегенмен ілкімді іске өзге салада мамандары да қосылса деген тілек бар. 

Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов.