Қосшы тұрғындары экоплоггинг акциясына қатысты

Қосшы қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясы аясында экоплоггинг шарасын өткізді, деп хабарлайды 24kz.

Қатысушылар белгілі бір қашықтыққа жүгіріп, жолда кездескен барлық қоқыстарды жинады. Белсенділер әуелі қала маңындағы Сарқырама өзенінің жағалауында тазалық шарасын өткізіп, кейін Қосшы мен Тайтөбе ауылын жалғайтын күре жолдың бойында қоқыс жинады. Салауатты өмір салты мен табиғатқа қамқорлықты ұштастырған шараға қалалық мәслихат депуттатары, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, волонтерлер қатысты.

Айта кетелік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Ақмола облысында 550-ден астам елдімекенде экологиялық іс-шаралар өткізілді. Оның барысында 200-ге жуық көшет отырғызылып, 400 балалар алаңы абаттандырылды.

Әбілқайыр Айнабаев, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

- Бүгінгі акция мынау Сарқырама өзенінің бойында болып жатыр. Тарихы мол өзен. Бұл осы Есіл мен Нұраның арасын қосып, Тайтөбенің ортасымен өткен. Жастан кәріге дейін айтарым, өздерінің осы өзендердің маңын, қаланың іші, сырты болсын, таза ұстаса екен деймін. Өйткені бұл өзіміздің табиғатымыз, өзіміздің еліміз, жеріміз.

Ербол Абылайхан, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Денсаулыққа пайдалы, бір жағынан табиғатымызды таза ұстау бағыты. Су жағажайларында көп қоқыс тастап кетеді демалушылар, соны тазалап, үлкендерге, кішілерге үлгі болсын деген ниетте осы акцияны ұйымдастырудамыз.