Павлодарда қарттар үйінің ауласы тазартылды
Павлодарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде қарттар үйінің ауласы тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жастар 3,5 гектарға жуық аумақты бір күн ішінде қоқыстан арылтты. Жалпы экобелсенділер әлеуметтік мекемені қыс мезгілінде де қалыс қалдырмайды. Қар күреп, көктемде абаттандыруға атсалысады. Қазір қарттар үйінде 300-ге тарта адам тұрады. Оның 94-і – мүгедектігі бар жандар.
Мерғали Жүсіп, «Жастар рухы» жастар қанатының ОФ төрағасы:
- Бұл акция тек қана «Таза Қазақстан» акциясы емес, бізде партиялық жобалар бар. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында да жұмыстар жүргізіп отырамыз. Бұл бірінші рет емес, кварталына бір рет осы мекемеге келіп қарт адамдардың көңілін тауып, оларға осындай жастармен жұмыстар өткіземіз.
Марина Стрелковская, Қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Жастар біздің тұрақты көмекшімізге айналған. Барлық мерекелерде келіп, қариялардың көңілін көтеріп кетеді. Көктемде гүл егіп, ағаш көшеттерін отырғызады. Қарттар үйінің аумағын абаттандыруға көмектеседі. Партия мүшелеріне әлеуметтік көмек алып жатқан барлық адамның атынан, жеке өз атымнан алғыс айтамын. Өнегелі ұрпақ тәрбиесі болашақ үшін аса маңызды.