Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» аясында еңбек ұжымдары сенбілік өткізді

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жеке кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің еңбек ұжымдары жаппай сенбілікке шықты. 

Бұл жолғы шара «Таза кәсіп - таза аймақ» атауымен өтті. Акцияға қатысушылар көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ өздері жұмыс істейтін ғимараттың айналасын абаттандырды. Ауқымды жұмыс атқарған үздік кәсіпорындардың ұжымы марапатталды. Олардың арасында өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған ірі бизнес нысандары бар.

Нина Доценко өзі еңбек ететін кәсіпорын ауласындағы бақтың күтіміне жауапты. Тәжірибелі бағбанның еңбегі нәтижесінде қазір көкөніс алқабы ұлғайып, жеміс ағаштары жайқалып тұр. Айтуынша, бау-бақшаны баптау үшін тазалық пен тәртіп қажет.

Нина Доценко, бағбан:

- Бақша егетін жердің әр бөлігін тиімді пайдалануға болады. Тек арам шөптен, қоқыстан таза ұстау керек және күтім жасауды тәртіпке айналдыру маңызды. Мәселен, бізден тауар алуға келген әрбір адам осы көрініске таң қалады. Бұл зор еңбектің нәтижесі деп білем.

Саудамен айналысатын ұйымның қызметкерлері тазалыққа баса мән беруді үйренген. Тек бүгінгі акцияға 35 адам қатысып, өз үлесін қосты.

Сергей Вишняк, кәсіпкер:

- Аға ұрпақ өкілдері қаламыздың іргетасын қалап, дамытты, абаттандырып әсем шаһарға айналдырды. Біз де көркіне үлес қосуымыз керек. Тазалық сақтауды әдетке айналдыруымыз қажет.

Ал мына емхананың қызметкерлері ауладағы күл-қоқысты жинауға түгел шықты. Ғимараттың іші - сыртын таза ұстап, сенбіліктер ұйымдастыру үшін мекемеде арнайы кесте жасалған.

Нұрғазы Жұмасейітұлы, дәрігер:

- Сенбілік әр бөлімшелерге байланысты уақыты бар, өзінің күндері бар. Cол бойынша шығып отырамыз. Екіншіден, біздің іште жатқан науқастарға өте ыңғайлы. Таңертеңгілік, кешкі уақытта серуендеуге, осы аймақта жүріп тұруға өте ыңғайлы.

Сондай-ақ, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «кәсіпорындар мен ұйымдар арасындағы абаттандырылған аумақ» атты байқау да ұйымдастырылды. Оған 14 кәсіпкерлік нысаны қатысып, жеңімпаздар алғыс хат пен сыйлықтарға ие болды. Ал «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы өңірде жеті мыңға жуық ұйым аумағы тазартылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков