Атбасардағы Жабай өзені тазаланып жатыр
Атбасарлықтар Жабай өзенін тазартып жатыр. Арнайы сатып алынған жер сорғыш техникасы арқылы өзенді 10 метрге дейін тереңдетіп, барлық күл-қоқысты сыртқа шығару жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ.
«Бұл көктемгі су тасқынының алдын алуға да мүмкіндік береді», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Жабай өзені жарты ғасырға жуық уақыт мүлдем тазаланбапты. Сондықтан атбасаралықтар бұл техниканың келуін көп күткені рас.
Мұхамедия Хамидуллин, Атбасар қаласының тұрғыны:
- Осы қондырғыны күткенімізге 40 жылды болды. Жылда айтады. Жылда біздің Атбасар 2004, 2007, 2014, 2017-де кетті суға. Содан кейін біз суға түскен үйрек сияқты шығамыз. Ешқандай жұмыс жоқ.
Бұл жер сорғыш машина Қостанайда жасалған. Ол сағатына 100 текше метр су тазалай алады. Қазір оның көмегімен Жабай өзені астындағы тасқыннан кейінгі және жылдар бойы жиналып қалған қоқыс сыртқа шығарылып жатыр.
Әзірге жаңа техниканы құрастырушы компания өкілдері басқарады. Алдағы уақытта жергілікті қызметкерлерге үйретіп тапсырады. Құны 87 млн теңге болатын жер сорғыш машина өзен аңғарын 10 метрге терендете отырып, күніне 120 метр жерге дейін тазалай алады.
Иван Димов, серіктестік директоры:
- Бұл техника өзен түбіндегі барлық күл-қоқыстан бөлек, үлкен тастар мен қамыстарды да тазалай алады. Тәулігіне шамамен 10 сағат жұмыс істейді. Өзендегі балықтарға ешқандай зиян келмейді.
Атбасарлық көне көз қариялар өзен түбінде бірнеше бұлақ барын айтады. Тіпті кезінде тұрғындар өзен суын күнделікті кәсібіне тұтынған. Бірақ уақыт өте өзен суы ластанып, жағасына балдыр өсе бастаған.
Сабыржан Мұсабеков, Атбасар қаласының тұрғыны:
- Өзеннің астында бірнеше бұлақ болған. Баяғыда бала кезімізде осында келіп су ішетінбіз. Мұзды ойып, үйге апарып, мал суаратынбыз. Осы өзеннің осындай апатқа ұшырағаны, бір жағынан, біздің халықтың өзінен де бар. Қанша қоқысты қаладан алып келіп, машина-машина болып осы өзенге төгіп жатты. Осы өзеннің астындағы бұлақтар жабылып, арнасынан тасқаны содан болды.
Жабай өзені биыл да арнасынан асып, 375 үйге су кірген еді. Соның 200-ден астамы мүлдем жарамсыз деп танылды. Қазір осы мақсатта аудан орталығынан 345 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл баспаналардың барлығы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.