«Таза Қазақстан» акциясына 90 жастағы кейуана атсатылысуда

Ауланың тазалығы – ауылдың тазалығы. Бұл  –  90 жастағы кейуананың ұраны. Қарағанды облысына қарасты Өспен ауылының тұрғыны Ақбөпе Ыбыраева, осылайша, «Таза Қазақстан» акциясына атсалысуда, деп хабарлайды 24kz.

Кейуана әлі күнге кесте тігіп, тоқыма тоқиды, өзге де шаруаны істей береді. Өзі ескі ән мен жырларды жатқа біледі. Өнегелі өмірі көпке үлгі Ақбөпе әжеймен біздің тілшіміз Руслан Нұрланұлы жүздескен еді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- «Таза Қазақстан» акциясы Ақбөпе әженің шаңырағында үзілген емес. 90 жастағы кейуананың таңнан тірлігі аула сыпырудан басталады. Бұл күнделікті өмір салтына айналған. «Тазалық өзіңнен, тұратын жеріңді мұнтаздай етуден басталады», - дейді әжей.

Ақбөпе Ыбыраева, Өспен ауылының тұрғыны:

- Тазалық ол әр адамның өзінің құлқында. Өзіне байланысты. Үйіңнің маңайын тазалап қойсаң, үйіңді аппақ етіп сылап қойсаң, сонда тазалық болады, денсаулығыңа да жақсы. Аула таза болса, ауыл да таза болады.

Ақбөпе әжей ескі әндер мен жырларды көп біледі. Шаруа істегенде үнемі айтып жүреді. Кейуана  қозғалыс ұзақ өмір кепілі екенін үнемі ісімен  үлгі етіп жүреді. Әлі күнге дейін қолынан ұршығы түспеген. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Немере, шөберелеріне шұлық, жейде тоқиды.

Ақбөпе Ыбыраева, Өспен ауылының тұрғыны:

- Қозғалған жақсы ғой. Адам үнемі отырып, жатқанға қарағанда, қимылдап, еңбек етіп жүргенге жетпейді. Мен үнемі қимылдап жүремін. Тамақ ішіп, жалпиып отыра берсең, орныңнан да қозғала алмай қаласың.

Балалық шағы мен жастығы ашаршылық пен соғыс жылдарына тұстас келгендіктен әжейдің тек 4 жылдық қана білімі бар. Кітап оқуға жасынан құмар болыпты. Қазірдің өзінде ұсақ әріптермен жазылған газетті көзілдіріксіз оқи береді. «Осындай қазыналы қарт аналарымыздан қазақ әйеліне тән қасиеттерді бойымызға сіңіріп өстік», - дейді  ауыл тұрғыны Маржан Қапаева.

Маржан Қапаева, Өспен ауылының тұрғыны:

- Апа туралы айтатын болсақ, ол кісі енді біздің жәдігеріміз болып саналады. Көненің көзін көрген. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді ғой. Осындай қазыналы қартымыздың болуы біздер үшін керек. Өткен өмірінен көптеген естеліктер, тарихтарды тыңдап отырып біз қаншама сабақ аламыз.

Кейуана ұрпақ тәрбиесіне де баса мән береді. Төрт баласын дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген. Бүгінде 11 немеренің, 25 шөберенің ақ жаулықты асыл әжесі. Барлығын да бесігінен бағып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіруде.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков