Атыраулық жастар Жайық жағалауын тазалады
Атырауда «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
70-ке жуық адам қатысқан Жайық өзенінің жағалауынан 1 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Мұндай шаралар өңірде апта сайын өтіп тұрады.
Экологиялық акцияға «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен белсенді жастары қатысты. Солардың қатарында Қамилә Өскінбай бар. Ол жақында «Жасыл ел» қатарына қосылған. Қазір қаланы тазартып, белсенділердің алды боп жүр.
Қамилә Өскінбай, оқушы:
- Қазіргі акция арқылы біз жағалаудан көптеген қоқысты жинап жатырмыз. «Баклажка», пластиктер көп және де балықшылардың тастап кеткен торлары, сондай заттар көп екен. Соларды лақтырмауға шақырамыз.
«Жасыл ел» 6 ауылдық округтің жастарынан құралған. 60-тан аса сарбаз шаһарды қоқыстан тазартуға жұмылдырылды.
Рахат Қали, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы облыстық штабының менеджері:
- Әр апта сайын экологиялық мәдениетті арттыру бойынша тазалық акциялары әр ауданда ұйымдастырылады. Өткен апата «Жұмыскер» ықшамауданында болған. Қазір «Авангард» ықшамауданында болып жатыр. Мүмкіндік болса, Атыраудың, осы Жайық жағалауындағы барлық аумақты қоқыстан тазартамыз деген ойдамыз.
Жастар жағалауды ғана емес, саябақтар мен скверлерді де қоқыстан тазартады. Мұндай акция аудандарда да ұйымдастырылады. Жалпы өңір бойынша биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында 1000-ға жас жұмыс істейді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.