Қарағандыда бюджеттегі қыруар қаражатқа егілген ағаштар қурап қалған
Қарағандыда бюджеттің миллиондаған қаражатына егілген ағаштар дұрыс күтілмейді.
"Бұлай жалғаса берсе, қурап, маңайын шөп басқан көшеттерден ештеңе қалмауы мүмкін", - дейді тұрғындар мен экобелсенділер. Оның үстіне көшеттерді дұрыс таңдамау, егу технологиясын ұстанбау да ағаштың тамыр алып, жерсінуіне айтарлықтай әсер етеді екен.
Сәкен Келдібаевтың мамандығы - агроном. 40 жылдан астам еңбек еткен ол ағаш егу мен оның күтімін бес саусағындай біледі. Зейнеткер Сарыарқа көшесіне 2021 жылы алғаш рет терек көшеттері егілгеннен бастап басы-қасында жүр. Бір жыл өтпей 800 теректің көбі қурап қалған. Себебі өзге өңірден әкелген жас теректер жерсінбеген.
Сәкен Келдібаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Былтыр күзде орнына мердігер әкеліп қайтадан отырғызған. Әуелі алып келген 600 түбін қайтарып жібергенбіз. Өңірге бейімделмеген, стандартқа келмейді деп. Кейін 502 түп әкеліп оны 3-4 қарашада бірге еккенбіз, ана жақтан бастап.
Әу баста бұл көшеттерді егу үшін бюджеттен 62 миллион теңге қаражат бөлінген. Теректер жаппай қурап қалған соң, 2 жылдық кепілдік мерзімі аясында мердігерге қайта егу міндеттелген.
Ұлықбек Жасыұзақов, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық әкімдігінің бас маманы:
- Сосын 2022 жылы Қазыбек би ауданы әкімдігі қызметкерлерімен жасыл желектердің тамыр алуы бойынша мониторинг жүргізілді. Сол кезде көшеттердің барлығы тамыр алмағаны анықталды. Біз сотқа шағым жібердік. Бірақ бұл фирма оны елемеді. Сондықтан сотқа арыз жазғанбыз. Сосын 2023 жылы соттың шешіміміен ол ағаштарды қайта еккен болатын.
Алайда қайта егілген ағаштардың күтімі көңіл көншітпейді. Шөбі өсіп, ылғал жетіспеушілігінен біразы қурап қалған.
Сәкен Келдібаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Енді 28 шілде күні тұрғындар дабыл қаққаннан кейін шағымданған соң келдік. Санасақ, тағы 5-6 қосылыпты қураған. Содан біз дабыл қаққан соң, суардық деген. Суарыпты, бірақ мына шөптер өсіп кеткен. Тамырына ылғал жібермейді.
Экобелсенділердің айтуынша, Республика даңғылына егілген 50-ге жуық еменнің де тамыр алып кетуі екіталай. Себебі олар тым ұзын.,Биыл кеншілер қаласында кемі 3 мың ағаш егу жоспарланған. Егу өз алдына, көшеттерді дұрыс таңдап, дер кезінде жақсылап күту керек, дейді белсенділер.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков