ШҚО-да заңсыз қоқыс төккен 400 адамға айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысында 100 заңсыз қоқыс полигоны тазартылды, деп хабарлайды 24kz.

Полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы аясында рейд жүргізіп, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төккендерді анықтады. Біреулер су қоймасының айналасына, енді біреулер саябақ ішіне үнемі қоқыс тастап отырған. Тексерулер нәтижесінде 400-ден аса тұрғынға айыппұл салынды. Жалпы экологиялық акция кезінде облыста 200-ден аса саябақ, 26 субұрқақ, 300-ден аса тарихи ескерткіш аумағы тазартылды.

Татьяна Карпова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Біреулердің қандай да бір рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгіп жатқанын байқаған жағдайда 102 каналына хабарласқан дұрыс. Өйткені заңды аттап, табиғатқа зиян тигізген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ескерту жасалып, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.