Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экоакциясына 700 мыңнан астам адам қатысқан

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы тазалық жұмыстарына 700 мыңнан астам адам қатысты.

Бүгін де Тараз қаласы мен облыстың барлық 10 ауданында іс-шаралар өтуде. Жастар қала тазалығы үшін жаңа эстафета бастаса, түрлі мекеме қызметкерлері де акцияға қолғабыс етуде.

Экологиялық акция аймақта жаңа бағытта жалғасуда. Тараздық жастардың бастамасымен облыста «Эко LIFE» эстафетасы басталды. 150-ге жуық белсенді жас облыс орталығындағы «Көктем» алқабында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жастар алқапты қураған шөптер мен қоқыстан тазартты. Аталған акция барысында барлық ауданның жастары белгіленген орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, эстафетаны келесі ауданға жолдайды. Осылайша жоба апта сайын әр ауданда өтеді. 

Медет Нұрділләұлы, белсенді жас:

- Эко LIFE жастар акциясы Тараз қаласында біріші рет бастау алып жатыр. Бұл акция жыл соңына дейін әр ауданда өткізілу жоспарлануда. Осы мақсатта жастарға дәріптеу мақсатында Эко LIFE жастар акциясын бүгін Жамбыл ауданына жолдадық. Жамбыл ауданы әрмен қарай Сарысу, Жуалы аудандарына жолдайтын болады.

Тараздағы тазалық жұмыстары Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен «Тектұрмас», «Қарахан» кесенелерінің аумағында жүргізілді. Киелі орындарды тазалауға 100-ге жуық адам қатысып, олар шашылған пластик құтылар мен қоқыстарды жинады. Шараға жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және әлеуметтік-медициналық мекеме қызметкерлері де қатысты. 

Ботагөз Қалқабаева, өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық психологы

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына біздің орталықтың қызметкерлері күннің ыстығына қарамастан өз үлестерін қосуда. Негізі айтады ғой, тазалық тазаланған жерде емес, таза ұстаған жерде, -деп. Барлық қала тұрғындарын осы біздің қаламызды таза ұстауға шақырамын.

Бүгін экологиялық акция облыстың барлық аудандарында өтті. Тазалық жұмыстары кезінде су айдындарының жағалаулары, саябақ пен скверлер, жаздыгүні демалушылар көп жиналатын жерлер қоқыстан тазартылды. Жалпы экологиялық шара басталғалы Жамбыл облысында 60 мыңға жуық көшет егіліп, 14 мың тонна қоқыс шығарылды. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә