Қазақстан мен Өзбекстан Арал мәселесін шешуге бірлесіп күш жұмылдырады

Қазақстан мен Өзбекстан Аралдың экологиялық мәселесін шешуге бірлесіп күш жұмылдырады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір қос тарап құрғаған теңіз табанына сексеуіл егіп, аймақты жасыл желекке айналдыруды бастап кетті. Бұл іске орман шаруашылығы мамандары мен жетекші ғалымдар тартылған. Олар күз және көктем айларында кездесіп, тәжірибе алмасып отырады.

Осы күні Аралдың құрғаған табаны 6 млн гектарды алып жатыр. Соның 2,8 миллионы елімізге тиесілі. Қалғаны көрші елдің еншісінде. Теңіз ұлтанына сексеуіл және басқа да өсімдік түрлерін егу екі жақта да қолға алынған. Біздің елде 90-жылдардан бері 900 мың гектардан астам жерге тұқым себіліп, көшет егілді. Осыдан 13 жыл бұрын 1 млн көшет әзірлейтін тұқымбақ салынса, қазір тағы бірінің құрылысы басталды. Оның аумағы 33 гектардан асады. Жалпы екі ел мамандарының орман өсіру технологиясы ұқсас.

Өзбекстан үкіметі қараша-наурыз айлары аралығында көшет егу, тұқым себу жұмыстарын жүргізсе, Қазақстанда бұл іс жергілікті климаттық ерекшеліктерге сай бірер апта ерте басталады.