Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында тазалық акциясы өтті

Түркістан облысында табиғат аясында көпшілік демалып, серуен құратын орындар тазаланды, деп хабарлайды 24KZ.

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Кентау қаласына қарасты Хантағы демалыс аймағында сенбілік өтті. Табиғаты тамаша бұл жер Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағына жатады. Экобелсенділер табиғатты демалушылардан қалған тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Хантағы демалыс аймағы Қазыналы Қаратаудың етегінде, тұмса табиғат аясында орналасқан. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы еліміздің жауһары саналады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Жойылу алдында тұрған Қаратау арқары да – осы аймақтың баға жетпес қазынасы. Күркіреп аққан тау өзені мен көлеңкесі жанға сая болатын қалың ағаштар – қаланың у-шуы мен аптап ыстықтан қашып келген демлаушылар үшін таптырмас орын. «Алайда көпшілігі қоршаған ортаны таза ұстауды ескере бермейді», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Қалыйма Жантөреева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

- Хантағы деген керемет жер ғой. Демалыс аймағында ішіп-жеп, демалғаннан кейін барлық қоқыстарды тастап кетеді. Соның бәрін елге көрсетіп, халықтың назарын аударып, бұлай жасамаңдар деген мақсатта, бәріміз бірлесіп, тазалыққа шақырайық деген оймен жасалып жатыр. Меніңше, бұл жүйелі түрде орындалуы керек. Адамның санасында жанашырлықты қалыптастыру арқылы осыны әдетке айналдыру керек.

Партия белсенділері қолға алған шараға Кентау қаласының әкімдігі мен мәслихатының жауапты өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және жастар ұйымдарының белсенділері атсалысты. 100-ден астам адам өзен бойы мен тау-тасты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Мұнда демалушылар үшін арнайы киіз үйлер тігілген. Бірақ көпшілігі тау-тасты аралап, тоғай жағалап кетеді. «Отырған орынын шашып, өзенге қоқыс тастайтындар да аз емес», – дейді қала әкімі Жандос Тасов.

Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:

- Демалушылардың саны өте көп. Сенбі-жексенбі күндері мына жерде лық толы болады. Барлығы осы таудың етегіне келіп дем алады. Әрине, демалғаннан кейін орнында қоқыстар қалады. Қоқысқа арнайы контейнерлер қойылған. Әртүрлі адамдар бар. Тастап кетеді. Апта сайын осы жерде ауыл әкімдігі тарапынан тазалық жұмыстары жүргізіліп отыр. Алдағы уақытта біз осы жерде қоқыс контейнерлерінің санын да көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Табиғат жанашырлары тазалық акциясы аясында көз жауын алатын көркем аймақты күл-қоқыстан арылтты. Тау суының жағасын паналаған демалушыларға жалпыхалықтық экологиялық акцияның маңыздылығын түсіндіріп, табиғатты таза ұстауға шақырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.