Маңғыстау облысының тұрғындары жаппай сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Маңғыстау облысының барлық елді мекенінде кезекті сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Тұрғындар ауыл-қала аумағын, су айдындарының айналасын қоқыстан тазартты. Тал егіп, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыруға жұмылды. Ескерткіштерді тазалап, көше шамдарын жаңартты.

Ал Ақтау халқы таңсәріден теңіз жағалауын күл-қоқыстан тазартуға шықты. Көпшілік жағажайдағы қураған қамысты орып, қала көшелеріне су септі. Бұл жолғы сенбілікке облыс бойынша 5 мыңға жуық адам қатысты. 

Гүлфариза Сыдиыққызы, қала тұрғыны:

- Бала-шағам қасымда. Таңертеңнен бері біраз шаруаны бітірген сияқтымыз. Жалпы осы Ақтаудың теңіз жағасына көп адам келіп демалады. Демалғаннан кейін кейбірі өзінің артына қоқыстарын тастап кетеді. Сол қоқысты тастамауға, қаламыздың тазалығын сақтауға осы Ақтау тұрғындарын шақырғым келеді.