Көкшетаудағы Қылшақты өзені тазартылып жатыр

Көкшетаудағы Қылшақты өзені де тазартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы жылдары шаһардың дәл ортасынан ағып өтетін өзеннің суы тартылып, бетін балдыр басқан. Жаздың аптап ыстығында жағымсыз иісі қолқаны қабады деп тұрғындар да шағымданған болатын.

«Енді бұл мәселе шешіледі», - дейді жауапты мамандар. Қазір жеке инвестордың есебінен өзенді тазарту жұмыстары басталды. Жоба құны 403 млн теңге. Облыстық табиғи ресустар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының әзірлеген жобасына сәйкес 4 учаскеде жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған бірнеше техника мен 20 шақты адам жұмылдырылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғаты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишевтің айтуынша, алдағы уақытта өзенді тазарту үшін жер сорғыш машинасын да әкелу көзделіп отыр.

Джанет Микишев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта өзеннің Қопа көліне құятын бір шақырым бөлігі толығымен тазаланды. Ал, қалған 4 шақырым осы уақытқа дейін мүлдем тазаланбаған. Жағасына қамыс өсіп, өзен түбіне тұрмыстық қалдықтар жиналып қалыпты. Енді соның бәрін сыртқа шығарып жатырмыз. Сондай-ақ су ресурстары комитетімен бірлесіп, өзендегі су балансын қалпына келтіру үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.