Ақтауда әуежай жолы қоқыстан тазартылды
Ақтау әуежайына апаратын тасжолдың жиегі қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды 24kz.
Аумақта сенбілік өткізген коммуналдық мекеме жұмысшыларына волонтерлер қол ұшын созды. «Өкінішке қарай, кейбір адам көліктің терезесінен тамақ қалдығын, сусыннан босаған бөтелкені лақтырып кетеді. Маңғыстауға іссапармен немесе демалуға келушілердің назары алдымен әуежай жолына түседі. Тазалығына қарап, туристік өңірге деген пікірі қалыптасады. Сондықтан көпшілікті далаға қоқыс тастамауға шақырамыз», - дейді еріктілер.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында облыс бойынша барлық мектеп ауласы абаттандырылып жатыр.
Дина Құлмаханова, Мұнайлы аудандық №6 жалпы білім беру мекемесінің мұғалімі:
- 80-ге жуық мұғалім осы акцияға өз үлесін қосып жатыр. Тазалық жұмыстары, абаттандыру, сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосып, бүгінгі таңда осы мектеп айналасына қаншама ағаштар егілді. 2024-2025 оқу жылында осы білім ордасы іске қосылғалы отыр. 1200 оқушыға арналған білім ордасы болмақ.