Түркістандағы тарихи-мәдени нысандардың жай-күйі тексеріледі
Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің аумағында экобақылау жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды 24kz.
Өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері музейдің қазіргі жай-күйін көріп, тиісті ұсыныстарын айтты. Қазір облыста «Қоғамдық экобақылау» республикалық акциясы басталды. Арнайы топ апта бойы өңірдегі туризм және тарихи-мәдени нысандарды аралап, бақылау жүргізеді. Экобақылау Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында қолға алынды.
Айдар Сейдазым, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бақылау жүргізу, солардың кем-кетік істерін айту, тек қана тазалық емес бұл жерде. Соны күтіп-баптау, олар қалай сақталып жатыр, қай жері мүжіліп жатыр. Не істеу керек деген сияқты. Жөндеу керек болса, ұсыну. Соны жауапты мекемелерге жіберіп, солардың тазалануын қадағалаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз осы.
Бақытжан Бейсембаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Жер-жерге, облысымыздың аудан-ауданына бөлініп, осы экологиялық акцияның жүру барысына, мүмкін болса сол акцияға қатысып жүрген азаматтардың, мекемелердің жұмысын одан әрі жақсарту мақсатында жауапты қызметкерлерге солардың бәрін айтамыз ғой деген ойдамыз.