Жезқазғанда «Степлаг» аумағы қоқыстан тазартылды

Жезқазғанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Степлаг» лагері аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды 24KZ.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, тарихи-археологиялық мұражай қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қатысты. Лагердің 3-ші бөлімшесінің маңайы күл-қоқыстардан тазартылып, арамшөптер мен қураған ағаштар оталды. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары мұнда 25 мыңға жуық саяси тұтқын жазасын өтеген. Жезқазған музейінің экскурсия бөлімінің басшысы Эльвира Мұхамединаның айтуынша, тарихи орынды ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатында былтырдан бері реставрация жұмыстары жүріп жатыр.

Эльвира Мұхамедина, Жезқазған музейінің экскурсия бөлімінің басшысы:

- Жалпы мақсатымыз – еліміздің тазалық акциясына қатысу және де осы тарихи-мәдени ескерткіштерді дәріптеп, болашақ ұрпаққа аманат ретінде қалдыру. Бүгінгі тазалық жұмыстары барысында «Жасыл ел» жасақтарына біз, музей мамандары, жалпы осы Степлаг тарихы туралы, Кеңгір көтерілісі және осы лагерлік бөлімшелердің орналасуы, қандай жағдайда болғандығы, тұтқындары жайлы экскурсия жасап, осындай насихаттау жұмыстарын жүргіздік.