Баянауылда қырылған жабайы құстардың өлексесі өртелді
Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Қосшалқар көліндегі өлекселер толық жойылды.
Жабайы құстардың өліміне не себеп болғаны әлі белгісіз. Ветеринарлық қызмет зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Су айдынынан сынама алынып, тексеруге жіберілді. Жуырда Қос-шалқар көлін зерттеуге Отардағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтынан мамандар келді. Жабайы құстардың жаппай қырылуына, судың құрамындағы өзгерістер себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
Шалқар көлі арнасынан асып, жанындағы тұзды көлге қосылыпты. Содан бері ел арасында су айдыны Қосшалқар атанып кеткен. Екі көлдің ортасында пайда болған арал жыл құстарының мекеніне айналыпты. Белгісіз кеселден қырылған құс өлекселері сол аралдың жағасында үйіліп жатыр. Ауылдық округтың ветеринары Мейрамбек Әбілаш мұндай жағдайды алғаш көріп отырғанын айтып ағынан жарылды.
Мейрамбек Әбілаш, ветеринар:
- Мынау бірінші рет тіркеліп тұр бізде. Мен өзі істегелі 15 жылдай болды, мұндай ауруды естіген де жоқпыз құс ауруын. Мал ауруы ештеңе болып жатқан жоқ. Екі-үш күн жинап, өртеп жатырмыз. Енді міне қайықпен ортасында біраз қалды соны жинап бүгін жағамыз, болды.
Қырылып жатқан негізінен үйрек тұқымдасына жататын сарыалақаздар. Бірнеше аққу мен үйректің өлгені расталды. Аралдағы өлген құстың санында есеп жоқ. Қайықтың жоқтығынан көлдің ортасына бара алмаған ветеринарларға Екібастұздан көмек келді. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өлекселерді жинап, сол жерде өртеді.
Дәулет Наурызбаев, Баянауыл аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:
- Маман ретінде айта кетсем, қазіргі кезде былай аса қауіпті, жұқпалы ауру көріп тұрған жоқпын. Өйткені өзім осы бірінші күннен бастап міне өздеріңізбен кездескен сәтке дейін осы жерде жүрмін. Шығын арғы көлде болды, ал мына көрініп тұрған көлде ешқандай өлексе көрінбейді.
Құстардың қырылуына байланысты ветеринарлық қызметтің өз болжамы бар. Қанаттылар уланып қалуы мүмкін деген күдік басым. Өйткені жуырда ғана көлге жақын маңдағы егіс алқаптары шегірткеге қарсы пестицидтермен өңделіпті. Екіншіден Қосшалқар көлінде су құрамының өзгеруінен улы қоспалар пайда болуы мүмкін. Мұның бәрі сараптамалық зерттеу қорытындысынан кейін белгілі болады.
Дәулет Наурызбаев, Баянауыл аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:
- Өзімнің күдігім, осы судың құрамында бірдеңе бар ма деп ойлаймын, соны міне қазір Отардан келіп жатыр, соның зертханасынан тағы да сынамалар алады. Ол енді республикалық деңгейде тексеріп жатыр ғой.
Бүгінгі таңда су айдыны құс өлекселерінен толық тазартылды. Үй құстары мен жануарлар арасында індет таралғаны туралы ақпарат түскен жоқ.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков