СҚО-да TazaQazBot Telegram чатына 22 ақпарат түсті

Солтүстік Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» телеграм чат-ботына 20-дан астам өтініш пен мен шағым түсті, деп хабарлайды 24kz.

Тұрғындардың ақпаратын 8 оператор қабылдап, құзырлы органдарға жолдайды. Олар қалай орындалады? Халық арасында енді тарап жатқан жүйе қалай жұмыс істейді?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Оксана Гончаренко қала тазалығына бейжай қарай алмайды. Жақында ол «Таза Қазақстан» телеграм чат-ботына тіркеліп, көшеде шашылып жатқан қоқыстарды түсіріп жіберді. «Қызмет көрсету сапасы өте жақсы», - дейді әйел.

Оксана Гончаренко, қала тұрғыны:

- Өтініш тез тіркеледі. Орындалуы да жылдам. Қоқыс келесі күні-ақ жиналды. Егер әр адам осылай дер кезінде хабарлап отырса, қаламыз таза болады. Сондықтан чат-боттың қызметіне оң бағамды беремін.

TazaQazBot телеграм чаты осыдан бір ай бұрын ғана іске қосылды. Енді тұрғындар тазалыққа қатысты кез келген сұрағын телефон арқылы жолдай алады. Әр өтініш онлайн қабылданады. «Ал оның орындалуы қатаң бақылауда», - дейді мамандар.

Евгения Островская, Энергетика және ТКШ басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Телеграм чат-ботына 32 пайдаланушы тіркелген. Оның 24-і орындаушы, қалғаны оператор. Әр өтініштің орындалу мерзімі бар. Тұрғындарды негізінен қоқыс, абаттандыру мәселесі мазалайды.

Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 150 түрлі экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Осылайша солтүстікқазақстандықтар қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков