Ақтауда «Кіші Оймашы» көлінің аумағы күл-қоқыстан тазартылды
Ақтауда «кіші Оймашы» жасанды көлінің аумағы күл-қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікке облыстық Экология департаментінің қызметкерлері мен белсенді тұрғындар қатысты. Табиғат жанашырларының айтуынша, соңғы жылдары жасанды көл жағасында стихиялық қоқыс алаңы пайда болған. Тұрмыстық қатты қалдықтар мен құрылыс материалдары рұқсатсыз төгілген орын ғарыштық мониторинг арқылы анықталып отыр. Бей-берекет тасталған қоқыстар ауыр техникамен тазаланып, арнайы полигонға тасылды.
Айта кетсек, бұған дейін қала іргесінен 3 стихиялық қоқыс алаңы жойылып, 30 тоннадай қоқыс шығарылды.
Есенқос Әділбаев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Жалпы облыста көктемгі және күзде осындай санитарлық тазарту сенбіліктері ұйымдастырылып келеді. Алдағы күз айларында да осындай шаралар жалғасын табады. Алынған қоқыстар арнайы мамандандырылған полигондарға апарылып, тапсырылады. Тұрғындарға айтарым, бей-берекет қоқыстарды тастамауға шақырамыз.