Түркістан облысында «Таза ауыл» экологиялық акциясы өтті
Түркістан облысында «Таза ауыл» экологиялық шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында жалпы сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Сенбілік барысында Темірлан ауылындағы көшелер тазаланып, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Одан кейін ағаш түптері әктеліп, ретсіз өскен бұталар мен қураған шөптерді шабылды. Темірландағы тазалық акциясына көрші ауылдардан да тұрғындар келіп атсалысты.
Сәлима Әбілдаева, Бөржар ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы:
- Бөржан әкімшілігінен 30 адам келіп, тазалап жатырмыз. Тазалық деген ол – адамның жанының тазалығы. Егер де еліміз таза, ауылымыз таза, үйіміз таза болатын болса, адамның денсаулығы да жақсы, мықты болады. Көп жасайды.
Ельмира Нүрпейісова, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:
- Апта сайын скенбілікке шығып, қолымыздан келгенше талды әкеп, көшені тазалап, барлығын жасап жатырмыз. Басқа ауданнан келген қонақтар да біздің ауылға қызыға да, қызғана қарайды. Мысалы, Сарыағаш ауданының тұрғындары келіп, қызығып жатыр бізге. Қызығатын аудандар көбейе берсін. Таза болып тұрғаны өзімізге де жақсы.
Жалпы сенбілікке аудан бойынша 500-ге жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 15 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Игі шарадан аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері де тыс қалмады. Олар ордабасылықтарды республикалық акцияны ел болып қолдауға шақырды.
Бостандық Бөпешбайұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Тек акция үшін емес, өзіміз үшін істеуіміз керек. Соған халықты оятып, жұмылдыруымыз керек. Ол үшін әрбір көшенің төрағалары бар, ауылдың билері бар, ардагерлеріміз бар, үлкен ақсақалдарымыз бар, белсенділер бар. Соның бәрін жұмылдыруымыз керек. Ауылмыз, ауданымыз таза болса, бүкіл еліміз таза болады. Таза болғаны өзімізге, келешек ұрпаққа жақсы. Бұл бір күндік шара емес, ертең күз келеді, ағаштар қурайды, жапырақтар түседі. Соның бәрін тазалауымыз керек. Қыста да, жыл он екі ай бұл жұмысты атқаруымыз керек.
«Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасының берері көп», – дейді ордабасылықтар. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері Түркістан облысында тазалық шарасына 80 мыңға жуық адам қатысты. 17 аудан мен қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, 1174 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 200-ге жуық киелі-мекенде тазалық жұмыстары жүргізілді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.