Жезқазғанда заңсыз қоқыс алаңдарын жоюға ₸174 млн бөлінді

Жезқазғанда заңсыз қоқыс алаңдары көбейген, деп хабарлайды 24kz.

Ғарыштан жүргізілген бақылау нәтижесінде 130-ға жуық үйінді анықталды. Оларды жою жөніндегі жұмыстар мардымсыз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында рейд өткізген экологтар жауапты мамандарға заңсыз үйінділерді жою жөнінде кезекті рет ескерту жасады.

Жезқазғанда күл-қоқыс төгетін жалғыз ғана полигон бар. Құрылыс пен шағын өндірістен шығатын ірі көлемдегі қалдықтарды қала сыртына шығаруға құлықсыз тұрғындар рұқсат етілмеген орындарды қоқыс алаңына айналдырған. Өткен жылдың соңында жүргізілген ғарыштық бақылау кезінде облыс бойынша 200-ден астам заңсыз қоқыс алаңы анықталды. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Тарғыновтың айтуынша, оның 127-сі Жезқазған аумағынан табылыпты.

Әмірхан Тарғынов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Жыл басынан хат жазудамыз, яғни, осындай көлемде бізде ошақтар бар, оны жинау керек. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір жұмыс атқарылмаған. Көңіл бөлінбеген. ТҮКШ-тің айтуынша, мердігерлермен келісім үзілген. Жұмыстар жүргізілмеуіне байланысты тексеріс тағайындалып, басшысына айыппұл салынды.

Заңсыз қоқыс үйінділерінің басым бөлігі қаланың Кенесары және Батыс шағын аудандарында. Мұнда жекеменшік үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында рейд жүргізген экологтар коммуналдық сала қызметкерлеріне бей-берекет тасталған қоқыс алаңдарын жою жөнінде кезекті рет ескерту жасады. Ал, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Абылай Есен бұл ретте мәселе бар дейді.

Абылай Есен, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқармаған мердігерлік ұйыммен келісімшарт бұзылды. Ол жосықсыз мердігерлер тізіміне қосылды. Енді қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп жатырмыз. Осының нәтижесі бойынша тоқтап қалған жұмыс жалғасатын болады.

Ұзақ жылдар қараусыз жатқан заңсыз үйінділерді жоюға қала билігі 174 млн теңге бөліп отыр. «Бірақ бұл қаражат та мәселені түпкілікті шешпейді», - дейді мамандар. Сондықтан полицейлермен бірлесіп, қоқыс тастайды деген алаңдарды бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Әзірге жыл басынан бері белгіленбеген жерге қоқыс тастаған 10-нан астам тұрғынға тәртіп сақшылары айыппұл салған.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов