АЭС жылына 20 млн тоннаға дейін зиянды қалдықтың алдын алады

АЭС құрылысына қатысты халық арасында түрлі пікір қалыптасқаны анық. Қоғамды әсіресе қауіпсіздік пен экология мәселелері алаңдатады.

Дегенмен сарапшылар заманауи атом стансылары сенімді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталғанын әрі оларды салқындату үшін суды тұтыну белгіленген нормадан аспайтынын атап өтті. «Сондай-ақ стратегиялық нысан оңтүстіктегі электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешуі керек және энергия көздерін әртараптандырады», – дейді.

Атом туралы айтқанда Семей полигоны еріксіз еске түседі. Иә, тарихи кезеңнің адам өмірі мен экологияға зардабы көп болды. Сондықтан халық арасында «атом» деген сөздің өзі үрей тудырады. «Бірақ қазіргі атом энергетикасынан қорқудың қажеті жоқ», – дейді мамандар.

Данияр Жансейтов, Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері:

- Семей полигонында болған оқиғалар есінде. Сол себепті бізде «атом» деген сөзді естісе, қазақ халқының құлағы тік тұрады. Қазір бізде атом ядросы мен атом электр стансысының принциптері – екі түрлі де бөлек нәрсе. Біз ядролық қарудан бас тарттық. Қазіргі АЭС-те атомды бейбіт мақсатта қолдану. АЭС-тен бас тарту қателік деп ойлаймын.

Зерттеулерге қарасақ, бір АЭС жылына ауаны ластайтын 20 млн тоннаға дейін зиянды қалдықтың алдын алады. Себебі 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнай беретін энергияны шығарады. Демек АЭС салу қоршаған ортаны қорғауға келгенде де таптырмайтын тәсіл боп тұр.

Алмаз Әбілдаев, энергетика саласының сарапшысы:

- Атом стансысы – көмірді пайдалануды азайту жағынан жақсы инструмент. ТМД-да көмірді ең көп пайдаланатын біз. 75%. Ол көп. Сосын энерго баланста әртүрлі энергияның түрлері бола бергені жақсы.

«Қазіргі АЭС-терде қолданылатын ІІІ, ІІІ+ деңгейлі станцияларында ауыр апаттың болу ықтималдылығы шамамен 10 млн жылда бір оқиғаға тең. Бұл өте төмен көрсеткіш және санитарлық қорғау аймағы АЭС-тың өзінің ауағымен ғана шектеледі», – дейді мамандар.

Данияр Жансейтов, Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері:

- Халық ойлауы мүмкін. АЭС салынды ма, болды, біз 100 км жерді пайдаланбауымыз керек. Бұл жерде адам тұрмау керек. Бұл жерде ауыл шаруашылығымен айналыспау керек. Әрине, ол да дұрыс емес сұрақ. Өйткені қазіргі таңдағы АЭС-тың санитарлық қорғау аймағы – ол 3 километр. 3 километрден аспайды. 3 километр жерден кейін сіз қалай өмір сүрдіңіз, солай өмір сүре береді. Өйткені АЭС-те радиацияның сыртқа шығуы – 10 млн жылда бір оқиға.

Бүгінде еліміздегі ұлттық ядролық физика институтында 750-ден астам білікті инженер бар. Жалпы қазақстандық мамандардың атом реакторымен жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Бұдан бөлек, халықаралық атом агенттігі МАГАТЭ 80 жыл бойы саланың техникалық талаптарын белгілеп, қауіпсіздікті басты назарға алған.