Алматы экологтары қағаз және пластик ыдыстан бас тартуға үндейді

Алматыда «Эко-коинды кофеге айырбаста» бағдарламасы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Қалалық эко-хаб әзірлеген бастама экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және бірреттік ыдыстарды пайдалануды азайтуға бағытталған. Іс-шара аясында кез келген қала тұрғыны мен  қонақтары қайта пайдалануға болатын ыдыспен келіп сатып алған әрбір сусын үшін 100 теңгеге балама эко-коин алады. Бұл қаражатты экотауарларды сатып алуға және шеберлік дәрістеріне қатысуға жұмсауға болады. Қазірдің өзінде қаланың бірнеше кофеханасы жобаға қолдау білдірген.

Евгений Мұхамеджанов, эко-хаб негізін қалаушы:

- Алматыда, жалпы барлық ірі қалаларда адамдар бір рет қолданылатын ыдыстармен сусын сатып алуға дағдыланған. Кофе, шай, тағы басқа сусындар. Бұл ыдыстар артынша арықтарда, саябақтарда шашылып жатады. Мұндай қоқыстарды тазалап, шығару үшін қаражат жұмсалады. Осы шара  бірреттік қолданылатын ыдыстардан бас тартуға үндейді.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында алматылық оқушылар шаһардың тазалығына жауапты мекеменің техникалық базасын аралады. Экскурсия барысында олар коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жұмысымен танысып, құрал-жабдықтардың қыр-сырына қанықты. Шараның мақсаты – балаларды еңбекті бағалауға үйрету.