Экологиялық тәрбие тал бесіктен басталады
Экологиялық тәрбие тал бесіктен басталуы керек.
Табиғатты аялау, су мен энергияны үнемдеу сияқты қарапайым қағидаттарды өскелең ұрпақ бойына сіңіру – уақыт талабы. Елордада өткен экомәдениетті қалыптастыру тақырыбындағы басқосуда табиғат жанашырлары осы мәселе төңірегінде ой өрбітті. Экологтар мектеп бағдарламасын жетілдіріп, жалпылама ақпараттан гөрі экология тақырыбында қосымша мағлұматтарды ұлғайтуды ұсынды. Бұл табиғатта болып жатқан қазіргі өзгерістерге баға беріп, жастардың оған көзқарасын қалыптастыруға көмек береді дейді қатысушылар.
Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
- Аралды құтқарып қалу деген, қызыл кітапқа енген жануарларды құтқарып қалуға байланысты жобаларды іске асырып жүрген азаматтарымыз бар. Тәуелсіздік ұрпақтары, Дарын деген жобалар бар. Осы жылы жаңадан қосылған Жас кеңес деген жобалар бар. Экологиялық тұрғыда белсенді азаматтарды қолдау үшін арнайы сый-сияпат бар.
Наурызбек Бірмағамбетов, "NECO" экологиялық клубы ҚҚ төрағасы:
- Біріншіден, шикізаттық экономикадан жаңғыртылатын энергия көздеріне біртіндеп өту Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына қажет қадам. Екінші мәселе қайта өңдеу. Жылына 5 млн тонна қалдық шығады. Оның 3 млн тоннасын қайта өңдеуге болады. Бұл да экономиканың дамуына үлес қоса алатын әлеуеті жоғары бағыт. Үшіншіден, біздің білім ордаларында экологиялық сауаттылықты арттыруға инфрақұрылым жетпейді. Мысалы, мектептерде күн понельдерінің модулін немесе шағын жылыжайларды орналастыруға болар еді. Осының бәрі экожүйеге жағымды әсер ететін факторлар.