Алматы облысында тазалық акциясына 660 мыңнан астам адам қатысты

Алматы облысы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері 660 мыңнан астам адам осы шараға жұмылдырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Бағдарламаны өткізудің барлық кезеңінде 8 мың гектар аумақ тазартылып, 22 мың тонна қоқыс шығарылды. Тұрмыстық қатты қалдықтардың төрттен бір бөлігі қайта өңдеуге жіберілген. Бастыпқыда тазалық айлығы ретінде қолға алынған іс-шара облыстағы барлық аудан, ауылдарда жалғасын тауып жатыр. Мәселен, бүгін Талғар қаласындағы «Ардагерлер» саябағы мен «Бозторғай» ықшамауданы қоқыстан тазартылды. «Таза бейсенбі» іс-шарасына аудандық мәслихат депутаттары мен еріктілер, «Жасыл ел» жасақтары және қоғамдық жұмыскерлерден құралған 100 шақты адам қатысты.  

Талғат Жапаров, Талғар аудандық мәслихатының депутаты:

- Жалпы бұл акцияның мақсаты – біздің мына халқымызды экологиялық мәдениетке үйрету. Қоғамымызда әркімнің үйі қалай таза болса, көшемізді де сондай таза ұстаса деймін. Мұның алдында Талхиз қалашығы бар, біздің Талғардың жоғары жағында. Ол жақтың да осындай қоқысын тазалап, сонымен айналыстық. Волонтерлермен бірге бүкіл осы Талғарды аумақ-аумаққа бөліп, қазіргі таңда тазалап жатырмыз.