Түркістан облысында «Таза бейсенбі» акциясы өтті

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданына қарасты Көктерек ауылдық округінде жалпы сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Табиғат жанашырлары қураған ағаштарды кесіп, көшелерді ретке келтірді. Ауыл ақсақалдары мен билері тұрғындарды тазалық шарасына бір кісідей атсалысып, жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Бүгін Көктерек ауылдық округінің орталығы Кеңестөбе елді мекенінің тұрғындары тазалық жұмысына бір кісідей атсалысты. Ауылдың үлкендері бас болып, тұрғындарды игі шараға жұмылдырды. Көше бойы жапырақтан тазаланып, қуаған ағаштар кесілді. Тұрмыстық қалдықтар жинастырылып, ауыл іші ретке келтірілді. Ауыл биі Өмірзақ Рыспеков мұндағы көптеген мекемелер ауылдық әкімшілікке қарамайтындықтан оларды тазалық шарасына тарту қиындық туғызатынын айтады.

Өмірзақ Рыспеков, Көктерек ауылдық округінің биі:

- Енді елді мекенде тұрғаннан кейін әйтеуір бірді-жарым мекемелерден адамдар шығады. Көп мекемелер ауылдық әкімдікке қарамайды. Оның барлығы ауданға, облысқа тікелей бағынып кеткен. Қазір айтатын болса, «облысқа қараймыз біз, бізде шаруаларың болмасын» дегендей әңгімелер болады. Сондықтан мектеп, аруахана сияқты мекемелерді мүмкіндігі болса, ауыл әкімшілігіне қаратса, бұл үлкен жұмыс болар еді.

Көктерек ауылдық округіның аумағына Кеңестөбе, Бірлік, Ынтымақ секілді 3 елді мекен кіреді. Мұнда мыңға жуық түтін, 6 мыңдай халық тұрады. Ауыл әкімі Әбдіразақ Мәуленовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 3 елді мекеннен 36 тоннадан астам қоқыс жинап, арнайы орындарға шығарылған. Десе де әлі де тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр екен.

Әбдіразақ Мәуленов, Көктерек ауылдық округінің әкімі:

- Жай-жай халық түсіністікпен қарап келе жатыр. Көшенің бойындағы адамдар тек осы мекемелерге тиісті жұмыс емес екенін, мысалы, сенбілік жасалған көшелеріміз таза болып тұрады. Басқа көшелер «Ауыл әкімі біздің мына көшеге қашан жүргізеді», – деп, біз айтамыз: «Өздерің де шығып, жәрдем беріңдер, үлгере алмаймыз ғой біз». Қазір осы Кеңестөбе ауылында жол салынып, жарық жүргізіп жатырмыз.

Ауыл белсенділері халық арасында қоршаған ортаны ластамау, қоқысты жинап жүру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көше мен үй ауласын таза ұстау сияқты түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретінін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов.