Қорықшылар ұлттық паркті дронмен бақылайды

«Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 10 жаңа техникамен толықты.

Трактор мен су шашатын арнайы көліктер алынып, екі филиалда өрт сөндіру станциясы ашылды. Шөп қурап, өрт қауіпінің артуына байланысты инспекторлар күшейтілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Лепсі филиалындағы өрт сөндіру станциясы жақында ашылды. Мамандар апта сайын оқу жаттығу жиынын өткізіп жүр. Осылайша өрт кезіндегі іс әрекеттерін пысықтап, тәжірбиесін арттырып жатыр. Жаңа көлікті тізгіндейтін Руслан Гамаудинов кешеннің артықшылығы көп, - дейді.

Руслан Гамаутдинов, "Жоңғар Алатауы" паркі Лепсі филиалының қызметкері:

- Өте жақсы техника. Бөшкеге 800 литр су сыяды. Құрылғы суды бүркіп шашады. Сондықтан су тез бітіп қалмайды. Ұзақ уақытқа жетеді. Әрі үнемді. Су соратын құрылғысы да бар.

Лепсідегі филиалда 22 адам жұмыс істейді. Табиғат сақшылары 82 мың гектардан астам аумақты қадағалайды. Оның басым бөлігі орманды және таулы аймақ. Адам аяғы жете бермейтін жерлер арнайы фотокамера және заманауи құрылғылар арқылы бақыланады.

Рамазан Бурунгазов, "Жоңғар Алатауы" паркі Лепсі филиалының директоры:

- Дрон бізге өте күшті көмек болды. ТЖД бізге спутниктен қайда, не өрт болғанын береді. Біз дрон шығарып, оны суретке түсіріп, он минуттан кейін оларға ақпарат береміз.

«Жоңғар Алатауы» паркі 356 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Көлемі жағынан елімізде екінші орында. Аймақта алманың атасы – Сиверс өседі. Қызыл кітапқа енген ұлттық байлығымызға баланған жеміс ағаштарын, тұтас жан-жануарлар әлемін өрттен қорғау үшін сақтық шаралары күшейтілген.

Марат Қабиев, "Жоңғар Алатауы" паркінің директоры:

- Сарқан қаласында екінші дәрежелі ОӨС деп айтады. Соны құрып алсақ, штат беріп отыр бізге. Келесі жылға. 20-25 адам аламыз. Оның ішінде бастығы бар. Көлік айдайтын, трактор айдайтын өрт сөндірушілер бар. Соның қаражатын биылға алып отырмыз.

«Жоңғар Алатауы» паркінде 185 инспектор жұмыс істейді. Талап бойынша олардың саны 300 болуы керек. Табиғат сақшылары бұл мәселе алдағы уақытта шешілер деп үміттеніп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, 24.KZ, Жетісу облысы