Көктемде тасқын, жазда құрғақшылық. Мәселе қалай шешіледі?

Батыс Қазақстанда жаңа су қоймалары салынады. Осылайша көктемгі қарғын суды жинап, диқандардың кәдесіне жарату көзделіп отыр.

Өйткені жылда жазғытұрым Орал өңірі тасқын судың астында қалса, жазда шаруалар тіршілік нәрінен тарығады. Осы олқылықтың орнын толтыруда жоспарланған іс-шаралар туралы тілшіміз әңгімелейді.

Біз қазір Теректі ауданы Подстепный ауылдық округі аумағындағы Барбастау өзенінің ортасында тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай дария кеуіп, құрғап, тартылып кеткен. Осы көктемде арнасынап асып-тасып, айналасындағы ауылдарды әбден әбігерге салған Барбастауға өзеннің қазіргі көрінісі мүлде ұқсамайды.

Содан да шығар биыл Подстепный ауылында өзен жағасына бау-бақша салғандар жоқтың қасы. Көкөніс егетіндер жоғары жақта Шаған округі аумағына орын теуіпті. Өздері техника жалдап, көктемде жырылған бөгетті қайта қалпына келтірген.

Павел Граф, шаруа қожалығының басшысы:

- Өз күшімізбен жырылған бөгетті бітедік. Қазір өнім жинап, сауда сөрелеріне шығарып жатырмыз. Әкімдікті күтпедік, өйткені мердігер анықталғанша жаз ортасы болатын еді. Жалпы осы өзеннің бойында 3 су қоймасы бар. Біреуінде ғана шлюз бар. Қалғандары тозып тұр. Оларды жөндеп, шандор қойса жөн болар еді.

Су ресурстарын тиімді басқару жағы өңірде кенжелеп қалғаны рас. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары ауқымды істер қолға алынды. Жайық-Көшім жүйесіндегі ең ірі Киров су қоймасы жөнделуде, өзге үшеуінің жай-күйіне техникалық тексеріс басталды. Жайық-Шалқар, Азынабай-Тайпақ каналдары жаңғыртылуда. Тағы 7 магистральді каналды жаңғыртудың жоба-сметасы әзір. Одан бөлек Казталов ауданында екі су қоймасының құрылысы қолға алынбақ. Сонда Қараөзен мен Сарыөзен жыл сайын қауіп төндірмейтін болады, әрі жазда Ресейден сатып алатын су көлемі кемиді.

Рауан Құсайынов, "ҚазСуШар" РМК БҚОФ директоры:

- Жалпақтал су қоймасы. Сосын Сарыөзендегі Сексенбай су қоймасы. Ол жобалар іске асқан жағдайда, табиғи тасқын суды сақтап қалатын боламыз. Сосын лимандарға су берілетін болады. Қазір Жалпақтал су қоймасының жоба-сметасы мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Жыл аяғына дейін оң шешім алғаннан кейін мемлекеттік бюджетке ұсынылатын болады. 

Деркөл, Шаған, Шыңғырлау өзендері соңғы жылдары жиі тасып, арнасынан асып жүр. Осыған байланысты аталған өзендердің бойына да су қоймасын салу мәселесі қолға алыныпты. Ал Қалдығайты, Өлеңті өзендеріне су қоймасын салуға жер рельефі мүмкіндік бермейді, - дейді мамандар.

Фариза Есқалиева, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

- Облыс әкімдігіне Шыңғырлау өзенінің Масайтөбе ауылы тұсына жаңа су қоймасын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін ұсыныс берілген болатын, қазір қарастырылуда. Одан бөлек Деркөл өзені бойына 4 су қоймасын салу және Шаған өзені бойына бір су қоймасын салу жөнінде министрлікке ұсыныс берілген болатын.

Аталған ұсыныс қазір су ресурстары министрлігі тарапынан қолдау тапты. Тиісті жобалық құжаттар жергілікті бюджет есебінен әзірленген жағдайда, құрылыс жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ.

Е. Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э. Аюпов, 24.KZ, БҚО