Атыраудағы ретро-саябақ аумағы қоқыстан тазартылды
Атыраудағы ретро-саябаққа 20 мың шаршы метр көгал төсеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бүгін облыстағы бірнеше компания ретро-саябақ аумағын қоқыстан тазартып, гүл мен ағаш отырғызды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық акцияның маңызына тоқталып, қоғамда жаңа мәдениет пен қоғамдық этиканың орнығып келе жатқанын айтқан еді.
Ретро-саябақ – қала тұрғындарының кешкілік уақыт өткізетін демалыс орны. Соңғы жылдары қараусыз қалған нысан биыл әкімдіктің шешімімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы күтіп ұстайтын мекемеге берілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірдегі табиғат пайдаланушы компаниялар бүгін саябақты абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылды.
Мейрамбек Аухадиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Жасыл желектерге күтіп-баптау жұмыстары, суару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл акциямыз жылдың соңына дейін жалғасады. Мекемелер тарапы да акцияға белсенділік танытып отыр.
Экологиялық акция аясында ретро-саябақтағы суару жүйесін жөндеу жұмыстары да атқарылды. Гүлдер егіліп, ағаштар отырғызылды. Алдағы уақытта ретро-саябақ аумағына көгал төселіп, 20 мың шаршы метр жер абаттандырылады.
Леонид Задерный, Атырау қаласын көгалдандыру жобасының жетекшісі:
- Акцияға бірнеше компания атсалысып жатыр. Суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 15 қыркүйекте көгал төсеуді жоспарлап отырмыз. Көктемде 600-ге жуық түрлі ағаш отырғыздық.
Өркен Қапанов, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына орай экологиялық акциясы өтіп жатыр. Ретро-саябағында әртүрлі ағаштар, онымен бірге гүлдер де отырғызылып жатыр. Әлі де алдағы уақытта жұмыстар жалғасын табады. Осымен бірге 7 ауданда да осы жұмыстар болып жатыр.
Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 1500 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Бұған 45 мыңнан астам адам атсалысып, Жайық өзенінің жағалауы, көшелер мен саябақтар қоқыстан тазартылды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.