«Таза Қазақстан»: биыл елімізде 1 млн тонна қоқыс жиналды

Биыл елде млн тоннаға жуық қоқыс жиналып, 2,5 млн жасыл желек отырғызылды, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай ауқымды жұмыс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында атқарылды. Жолдауда Президент ілкімді істің игілігі айқын көрінгенін айтып, науқанды әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Тіпті бұл іске әкімдер тікелей жауапты деді. Тазалық акциясы өңірлерде қалай жүріп жатыр?

Бекзат Аманов, тілші:

- 3 млн адам. Мемлекет басшысы бастамашылдық жасаған экологиялық акцияға биыл осынша ерікті қатысты. Волонтерлер бастап, қоғам қайраткерлері қостады. Ізін ала игі істі мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер іліп әкетті. Жалпыхалықтық шараға барлық өңір белсене атсалысуда. Халық дән риза.

Жарқынай Қыдырханқызы, Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Бізде жалпы Қарасай ауданында 500-ге жуық еріктіміз бар. Сол ерікті жастарымызбен бірге осы жылдың басынан бері 100-ге жуық отбасына қол ұшымызды беріп, қайырымдылық жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде осы тазалық жұмыстары да жатады. Сонымен қатар жаңағы азық-түлік беру себеттерін де таратамыз.

Зейнепхан Қамысбаева, зейнеткер:

- Міне, Әйтей ауылының әкімшілігі ұйымдастырған жастар қоғамының жастары келіп, есіктің алдын жинап, шөптерді орып, ағаштардың жапырақтарын, мінекей, жинап, теріп жатыр. Балаларға үлкен рақмет! Жаңа Қазақстан дейді. Жаңа Қазақстандарың көгеріп-көктей берсін! Өсіп-өне берсін балаларым!

Берекелі бастама арқасында қоқыс жиналып қана қоймай, қоғамда жаңа мәдениет һәм этика орнығып келеді. Халыққа Жолдауында Президент «Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс», деді. Тіпті көшелерді ластайтын азаматтарды заңмен жазалауды ұсынды. Ал экологиялық акцияны әкімдердің мойнына жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де осы.

«Таза Қазақстан» науқаны жұртшылықтың да көңілінен шыққаны анық. Белсенділікті былай қойғанда әр өңірде ерекше өнер туындылары пайда болуда. Мысалы Астанада экоакцияға арналған 40 метрлік мұрал пайда болды. Мұнда ұлттық киімдегі балалар бейнеленген. Көшетті суарып тұрған бүлдіршіндер өсу мен өркендеуді суреттейді.

Авторы: Бекзат Аманов