Шымкентте тұрғын үй секторының аумағы тазартылды

Шымкентте «Таза бейсенбі» акциясы аясында көпқабатты тұрғын үй секторының төңірегі тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.

«AMANAT» партиясының бастамасымен экобелсенділер қураған ағаш бұталарын қырқып, шашылған қалдықтарды жинады.

Жалпы 100-ге жуық адам экологиялық науқанға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазартылатын аумақтар тұрғындардың өтінішіне қарай таңдалады. Әлеуметтік желіде пост жарияланып, олардың талап-тілегі сараланады. Кейін ауыр техникалар мен арнайы құрылғылардың көмегі арқылы сол жерде акция өткізіледі. Оның нәтижесі интернет парақшасында жарияланады.

Айта кетейік, жалпы маусым айынан бері «Таза бейсенбі» акциясына 3 мың адам жұмылдырылып, 15 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.

Мақсат Жолдасбеков, «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

- Қоршаған ортаға құрметпен қарау, өзіміздің өмір сүретін ортамызды таза ұстауға шақыру – негізгі идеямыз. Халық осыны көріп, өзінің ортасын шашпай, қоқыстарды тиісті орындарға тастау әдетін бойына сіңірсе деген ниет бар. Міне, осы ниетпен акцияны әр аптада өткізіп жатырмыз.