Қызылордада «Таза бейсенбі» шарасына 70 адам қатысты

Қызылордада «AMANAT» партиясының өкілдері «Таза бейсенбі» шарасын өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

70-ке жуық адам Теміржолшылар саябағына жиналып, демалыс орнын реттеуге атсалысты. Қала тұрғындарының саялы орнын сыпырып, қоқыстан тазартты.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл шара әр апта сайын үздіксіз ұйымдастырылып отыр. Олар облыс орталығындағы жаяу жүргіншілер жолы мен аллеяларды тазартып, тал егуді үрдіске айналдырған.

Нұрлан Әмір, «Мейірім» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

- Қоқыс тазартумен қатар таза ауа. Өзіміз денсаулық сақтау саласында жұмыс атқарғаннан кейін таза ауаның денсаулыққа өте пайдасы бар екенін білеміз. Кеше Жолдауда да айтылып жатыр. Бірнеше партиялық ұйымдар мен басқа да ұйымдар бірлесіп, референдум өткізудің штабы құрылып, атом электр стансысының салуына жұмыс жасап жатыр. Бұл да енді экологияға өзінің пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан бұл бастаманы да мен дұрыс деп есептеймін.