Биыл Ақмола облысында 18 миллион түп ағаш егілді

Биыл Ақмола облысында 18 миллион түп ағаш егілді

Осылайша, 4 мың гектардан астам алқап жасыл желекке айналды.

Халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы да орман алқаптарын көбейтуді тапсырған. Президент пәрменіне орай алдағы 3 жылда ақмолалық орманшылар 100 миллионға түп көшет егуді жоспарлап отыр.

Ағаш кесуге мараторий жариялау керек. Сонда ғана орман алқабы ұлғаяды. 45 жылдық тәжірибесі бар орманшы Майдан Бапанов осылай дейді. Орман шаруашылықтарындағы техникалық базаны да жаңартып отыру маңызды.

Майдан Бапанов, орман шаруашылығы саласының ардагері:

- «Оброботка» жасайтын техника керек. Оған кадр керек. Сосын әлгі жекеменшікке беріп жатқан «главное пользование» ғой, соларға мараторий жариялау керек. Себебі мараторий болмай, ағаш өспейді.

Тәжірибелі орманшының жасыл желектің күтімін қадағалайтын құзырлы орган қызметіне де көңілі толмайды. Себебі еккен өскіндердің тең жартысы қурап қалады. «Соны қатаң бақылауға алса екен», – дейді.

Майдан Бапанов, орман шаруашылығы саласының ардагері:

- Ағашты дұрыс кестің бе, артық кесіп қоймадың ба – бәрі соны тексереді. Ал «посадка» дұрыс өсті ме, соны тексерген, жұмыс істеген бірде-бір инспекцияны көргем жоқ. Бәлен жыл жұмыс істеп, соған көңіл аударылмайды.

Ал жауаптылар болса егілген көшеттің 80%-і өсіп-жетілетінін айтады. Тіпті қурап қалған ағаштардың орнын жаңа өскіндермен толықтырамыз деп сендірді.

Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Біз жыл сайын еккен талдарды есептеп отырамыз. Өспей қалған ағаштарды келер жылы толықтырып, қайта өсуін қадағалаймыз. Ал 5-7 жылдан кейін оларды орман алқаптарына көшіреміз.

Президент 2020 жылғы Жолдауында да осы мәселені көтеріп, 2025 жылға дейін елімізде 2 млрд түп ағаш егуді жүктеген еді. Осы 4 жылдың ішінде өңірде 9 мың гектарға жуық алқапқа 54 миллион көшет егілді. Ал биыл Президент айтқан мерзім тағы 2 жылға ұзартылды.

Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Белгіленген мерзімнің ұзартылуына байланысты 7 жыл ішінде 150 миллион дана ағаш отырғызу көзделіп отыр. Яғни, 2025-2027 жылдары аралығында  15 мың гектар алқапқа 99 миллион түп ағаш егіледі.

Көшеттердің жайқалып өсуі сапалы тұқымға байланысты. Осы ретте Арқаның суығына шыдайтын ағаш тұқымдарын сұрыптау маңызды. Бүгінде өңірдегі 2 ауданда арнайы тұқымбақтар салынып жатыр. Қос нысанда жылына миллиондаған көшет дайындалады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.