ДКО басталғалы ойын алаңынан 150 тонна қоқыс шығарылды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталғалы ойын алаңынан 150 тонна қоқыс шығарылды.
Бұл туралы «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі мәлім етті. Тазалық жұмыстарына 63 техника және екі ауысыммен 140 жұмысшы жұмылдырылған. 6 спорт кешенінің маңы тазартылды. Бұған қоса «Көшпенділер әлемі» этноауылының басты алаңында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 10 гектар аумақтан қоқыс шығарылды.
Ержан Айтмаханұлы, өндірістік-техникалық бөлім жетекшісі:
- Тазалықты қамтамасыз ету барысында 500 м3 астам су төгілді. Бұл ойын әлі де жалғасады. «Астана Тазалық» қызметкерлері күндіз-түні жұмыста. Қазіргі таңда 48 мың тоннадан астам көң шығарылды.