Жамбыл ауданынан 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды
Алматы облысының Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды, деп хабарлайды 24KZ.
Экологиялық шараға 20 мыңға жуық адам қатысты. Олар саябақтар мен гүлзарларды және тасжолдардың бойын тазалап, ауыл ішін абаттандыруға белсенді атсалысты. Акция шеңберінде 4800 түп ағаш егілсе, қазан айында тағы 5 мың түптей тал-терек отырғызылады. «AMANAT» партиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Ұзынағаш – Қарғалы» тасжолының бойы қоқыстан тазартылды. Оған 50-ден астам адам қатысты.
Зинаш Күштекова, Жамбыл ауданының тұрғыны:
- «Таза Қазақстан» бағдарламасы туралы айтып жатыр. Ол деген не? Ол деген, мысалы, біз бүкіл халық, ел болып, таза табиғатты сүюіміз керек. Сондықтан бірінші ауылдан, өзімізден, қаладан бастап, экологиялық таза болуымыз керек. Экологияға үлкен көңіл бөлуіміз керек. Қаншама адам жұмыс жасап жатыр. Жалғыз біз емес, барлық 24 ауылдық округте осындай «Таза Қазақстан» акциясы жұмыс жасап жатыр.