Каспий жағасында экофестиваль өтті
Каспий жағасында Summer ecovibe fest атауымен фестиваль өтті, деп хабарлайды 24kz.
«Таза Қазақстан» эко-науқаны аясында ұйымдастырылған іс-шараға Ақтау тұрғындары белсене қатысты. Көпшілік қайта өңделетін қалдықты қажетке жаратуды үйрететін шеберлік сабағына қатысып, жағажайда йога және скандинавиялық серуендеуден сайысқа түсті.
Экофестиваль бағдарламасы ауқымды әрі қызықты. Мәдени-көпшілік шарада балалар да назардан тыс қалмады. Бүлдіршіндер қағаз қалдығынан жасалған батпырауықтарды ұшырып, кенеп матаға майлы бояумен табиғаттың сұлу көрінісін салды. Көпшілік спорттық сайыстарда сынға түсті.
Ділназ Тілепова, қала тұрғыны:
- Ақтау қаласында осындай экофестивалдер көп өткізілуі керек деп ойлаймын. Ең бірінші, ол біздің адамдардың экологиялық сауаттылығын арттыруға қажет. Одан кейін осы өзіміздің тұрып жатқан Маңғыстауымыздың табиғатын аялауға, қоршаған ортаны жақсартуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылар амфитеатр жағажайын бірнеше участокке бөліп, түрлі-түсті шатырлар орнатқан. Сол жерде қайта өңделетін қалдықтарды қажетке жаратуға баулитын шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Тұрғындар экожәрмеңкеде ағаштан және түйе жүнінен әзірленген бұйымдарды қызықтап, Маңғыстау флорасы мен фаунасы бейнеленген фотокөрмені тамашалады.
Кирилл Осин, үкіметтік емес ұйым директоры:
- Экофестиваль осымен екінші рет Каспий жағасында өткізіліп жатыр. Алғашқы шара былтыр қыс мезгілінде ұйымдастырылды. Мақсатымыз – Маңғыстау тұрғындарын тазалыққа шақыру. Қайта өңделетін пластмасса және макулатура жинау үшін жағажайға арнайы қораптарды қойдық. Яғни, көрермен тек бағдарламаны тамашалап қана қоймай, көзіне түскен қоқыстарды теріп, сол қораптарға салып кетті.
Фестиваль кезінде келушілер назарына ұсынылған полиэтиленнен тігілген сән үлгілері топтамасына көрермен жоғары баға берді. Шара соңы ақтаулық өнерпаздардың концертіне ұласты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев