Петропавлда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 250 шара өтті

Петропавл қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 250-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жолы белсенділер «Абылай хан резиденциясы» мұражайлық кешені аумағын жинап, орман алқабын ретке келтірді. Халықты тазалыққа баулыған бастамаға аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы да қатысып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлер картасына енген «Абылайхан резиденциясы» мұражай кешені. Тазалықты сүйетін жастар кешен айналасын күл-қоқыстан тазартты. Шараға 50 адам қатысты.

Дариға Смаилова, «ассамблея жастары» РҚБ жергілікті өкілдігінің жетекшісі:

- Біз осы жерді таңдаған себебіміз – өйткені «Абылайхан резеденциясы» біздің өңіріміздің Солтүстік Қазақстан жерінің ең киелі жерлерінің бірі деп саналады. Және жастар болып және де қала тұрғындары болып, осындай біздің қасиетті жерлерімізді тазалықта сақтауымыз қажет.

Белсенділер қала шетіндегі орман алқабын да ұмытпады. Колледж студенттері өзара командаларға бөлініп, қоқыс жинаудан сайыс ұйымдастырды. «Бастысы – жарысу емес, тазалықтың сақталуына атсалысу», - дейді жастар.

Жанбота Амангелдиев, колледж студенті:

- Осы біздің Қазақстанымыздың, қаламыздың тазалығы ол бізден басталады – жастардан. Тазалық жастардың қолында. Сол себепті әрбір қоқыс болсын, өз артымыздан жинап жүрейік. Ол өзіміздің болашағымыз үшін. Сол себептен бұл акцияларды мен қолдаймын.

Өңірде осы күнге дейін «Таза Қазақстан» акциясына 150 мыңға жуық адам қатысыпты. Олар экологиялық шараларды апта сайын ұйымдастырып, халықты қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков