АЭС құрылысы Қызылорда өңіріндегі су тапшылығын шешуі мүмкін

Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі Қызылорда өңіріндегі су тапшылығы мәселесін шешуі мүмкін.

Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер Әбдірахман Құлдүйсенов осылай дейді. Қария Қармақшы ауданындағы кезекті тазалық акциясына қатысты. Қорқыт ата ескерткішінің маңын ретке келтіруге атсалысты. Шараға жиналған аға буын өкілдері өңірдегі экологиялық проблемаларды тілге тиек етті. «Бүгінде трансшекаралық Сырдария өзенінің бастауында тұрған елдер энергия өндіру үшін мол суды жинақтайды. Соның салдарынан Сыр өңірінде егінді суаруға тіршілік нәрі жетпей жатады. «Жасыл» энергия көзі саналатын атом электр стансысы салынса, артылған энергияны мол суға айырбастау мүмкіндігі туар еді», – дейді олар.

Әбдірахман Құлдүйсенов, Қармақшы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

- Атом электр стансысы салынса, қасынан қырғыздарға сол электр қуатын беріп, қыста суды сақтаудың мүмкіндігі туады. Ол су бізге жазда, көктемде әрі қарай тіршілігімізге нәр береді деп ойлаймын.

Гүлжауһар Раева, Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Ең соңғы үлгідегі атом электр стансысын салу жөніндегі пікірді өз басым қолдаймын. 6 қазанда үлкен халықтың қолдауыменен байыпты шешім болады деп ойлаймын.