Қазақстан Францияда «Бейбітшілік үйлесімі» көрмесін ұйымдастырды
Қазақстан Еуропа Кеңесінің Франциядағы штаб-пәтерінде көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды 24KZ.
«Бейбітшілік үйлесімі» атты көрмеге ядролық қарусыздану және қоршаған орта қауіпсіздігі тақырыбындағы фото туындылар қойылған. Онда Семей полигоны, Арал теңізі трагедиясынан зардап шеккен адамдар бейнеленген. Көрмеге халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар қатысты. Іс-шараның ашылуында Еуропа Кеңесі бас хатшысының орынбасары Бьорн Берге қазіргі климаттық өзгерістер мен геосаяси қақтығыстар жағдайында бұл тақырыптың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Страсбургтегі бас консулы осы апаттардың салдарын жою үшін қазіргі күні қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы айтты.
Бьорн Берге, Еуропа Кеңесі бас хатшысының орынбасары:
- Бұл көрме адамзат үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бір кездері тіршілігі қайнаған Арал теңізінің қазіргі күйі алаңдатарлық. Енді алдағы уақытта мұндай қателіктерге бой алдырмауға күш біріктіру керек.
Хироюки Ушида, Жапонияның Страсбургтегі бас консулы:
- Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Экономика мен саясатта ғана емес, ядролық сынақтар мәселелерінде де ортақ мүдделеріміз бар. Екі ел де осы түйткілдің төңірегінде ынтымақтастықты нығайта береді деп сенемін.
Анель Бақытбекқызы, ҚР Страсбургтегі бас консулы:
- Біз халықаралық қауымдастыққа ядролық қарусыз қалай жақсы өмір сүруге, өзара ықпалдасуға және дамуға болатынын көрсеткіміз келеді.