Ұлытауда өткен ауқымды экоакцияға 1300-ден астам адам қатысты

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Ұлытау облысында 3 мың тонна қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық ағаш егілген, деп хабарлайды 24kz.

Дәстүрге айналған шара жыл соңына дейін жалғасады. Бүгін жоба аясында өңірде кезекті рет ауқымды экологиялық акция өтті. Тазалық жұмыстарына 1300-ден астам адам қатысты. Облыс орталығы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында орталық көшелер ретке келтірілді. Ал, аудан, ауыл тұрғындары тарихи жерлерде тазалық жүргізді.

Жезқазғанның басты көшелерінің тазалығы шаһардағы ірі кәсіпорындарға жүктелген. Осы жолы да металлургтер мен байытушылар дәстүрден жаңылмады. Ал, мемлекеттік мекеме қызметшілері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері әуежайға баратын жолдың қос қапталын тазалады. Қоғамдық бірлестік төрағасы Әсем Асанханова: «тазалық акциясына аптасына кемінде бір рет қатысып тұрамыз», дейді.

Әсем Асанханова, қоғамдық бірлестік төрағасы:

- Егер осындай акцияға әріптестермен және отбасымызбен үнемі қатысатын болсақ, «Таза Қазақстанды» қалыптастыру аса қиын емес. Қаламызға келетін қонақтардың барлығы осы жолдың бойымен өтеді. Сондықтан бүгін осы жерді тазалап жатырмыз.

Сәтбаев қаласында экологиялық акция барысында 8 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына өндіріс орындары мен бюджеттік ұйымдардан 200-ден астам адам қатысып, оншақты арнайы техника жұмылдырылды. Туған қаласының тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындар да үлес қосты.

Оксана Жук, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Әрине, бәріміз таза қалада тұрғымыз келеді. Ол үшін қоршаған ортаға жанашырлық танытып, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Қазір тұрғындар арасында белсенділік артып келеді. Бұл бізді қуантады.

Экологиялық акция облыста 6 сәуірден бері апта сайын өтіп келеді. Нәтижесінде бүгінге дейін 3 мың тонна қоқыс шығарылып, 10 мыңға тарта ағаш көшеттері егілді.

Азамат Ерғали, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:

- Өздеріңіз білесіздер, облысымызда тарихи ескерткіштер көп, өзен-көлдер мен бұлақтар бар. Солардың маңайларында тазалық жүргізеді. Ал, қалалық жерлерде Сәтбаев, Жезқазған ірі қалаларда үйлердің маңайында, көліміз бар, сол көлдің маңайында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. нақты айтатын болсақ 1300 ден аса адам қатысты және 45 тен аса техника жұмылдырылды.

«Таза Қазақстан» акциясы өңірде жыл соңына дейін жалғасады. Апта сайын дәстүрге айналған шара барысында тазалық жұмыстарынан бөлек, азаматтардың экологиялық сауатын арттыру бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылады. Аудандық жерлерде «Үздік ауыл», қалаларда «Үздік аула» байқаулары өтеді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев