Елордада «Көлді аяла» экологиялық акциясы өтті
Елордада Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Көлді аяла» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Талдыкөл жағажайындағы сенбілікке жүзге тарта адам қатысып, бір тоннаға жуық қоқыс жиналды. Тазалық жұмыстарына Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғындары үлес қосты. Жиналғандар су айдыны мен жағалаудағы қоқыс қалдықты жинауға атсалысты.
Балдырған Өмірбекова, ерікті:
- Біз ойлаймыз көлдің тек жағалауын ғана тазалықта ұстау емес, бұл көлді сақтап қалу бізге бүгінгі үшін өте маңызды. Менің ойымша, біздің қала өте таза. Барлық коммуналдық қызметтер жақсы жұмыс істейді. Бірақ осы Талдыкөлдің мәселесі қиын болып тұр. Сондықтан біз осында келіп, басқа еріктілерімізге қолдауі білдіріп, тазалықты сақтау үшін сол.
Айдана Ғалымова, «Birgemiz: Tazaalem» жалпыұлттық жобасының жоба менеджері:
- Бұл акцияның мақсаты – табиғат пен су айдындарының ластануы және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне қоғам назарын аудару. Осы арқылы азаматтарды қоршаған орта тазалығына ерекше мән беруге шақырамыз. Маңайдағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары, қала жастары экошараға белсенді қатысып жатыр.