Қазақ даласына Тұран жолбарысы оралды

70 жылдан астам уақыттан кейін қазақ даласына Тұран жолбарысы оралды, деп хабарлайды 24KZ.

Жыртқыштың аталығы мен аналығы Нидерланд елінен жеткізіліп отыр. Олар «Іле-Балқаш» резерватын мекендейді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі айтты. «Кешенді жоба аумақтың экожүйесі мен биоалуандығын қалпына келтіру үшін маңызды қадам болды», – дейді мамандар.

Биыл жазда Қазақстан мен Нидерланд арасында меморандум жасалған. Құжатта 2 жолбарысты тегін беру және қазақ даласына жеткізу туралы келісім болды. Ал олардың тұқымдары кейін табиғатқа еркін жіберілуі тиіс. Дәл осы уағдаластықтың алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асып отыр.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Біреуі Багдана – аналығы. 12 жаста. Ері Кума 9 жаста. Жолақысы, бәрі Голландия жағынан қаржыландырылды және Жабайы аңдар фондымен жобаны әрі қарай қаржыландыруға келісімге келдік.

Бұл жыртқыштың тарихи мекеніне Қазақстанның оңтүстік аймағы кіреді. Оның салмағы 240 келіге дейін жеткен. Популяциясына келгенде Амур жолбарысынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мысық тұқымдас жануарды Орталық Азияда қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Ертіс өзенінің атырабы мен шығыс жағалауы таңдалды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Іле өзені мен Сыр өзенінің жағасындағы тоғайларда, қамысты жерлерде Тұран жолбарысы өткен ғасырдың 40-шы жылдарына дейін болған. Жолбарыстарды алып келу үшін біздің мемлекетте қыруар шаруа тындырғанбыз. Оңтүстік Балқаш, Іле өзенінің бойындағы тоғайларда, қамысты жерлерде «Іле-Балқаш» деген үлкен резерват құрылды. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи қорық.

Министрдің айтуынша, келесі жылы Ресейден тағы 4 жолбарыс алынады. Олардың жерсінуі, өсіп-жетілуі мен көбеюі жіті бақылауда болады. Кейін жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле бастайды.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.