Алматыда «Жасыл аула» акциясы басталды

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Жасыл аула» жобасы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Мегаполисте бұл шара соңғы 4 жылдан бері өтіп келеді. Осы аралықта 20 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Акция жылына 2 рет – көктемде және күзде ұйымдастырылады. Оған кез келген қала тұрғыны қатыса алады.

Ауыл мен қаланы көгалдандыруға арналған жоба көп. «Жасыл аула» акциясының ерекшелігі, тұрғындар ағаш көшетін өзі сұрап алады. Сондықтан оның күтімі сол адамға жүктеледі. Мәселен, мына «Алма сити» ықшамауданындағы үйлер кейіннен салынған. Оны көгалданыруға тұрғындардың өздері атсалысып келеді. 2 жылдың ішінде 9 мыңға жуық тал-терек отырғызған.

Әсем Бекбосынова, қала тұрғыны:

- 2 жылдан астам осы жерде тұрып келе жатырмыз. Біз келгенде негізінде ағаш болмаған. Осы акция аясында ағаш егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көршілерім өте разы. Белсенді қатысып жатыр. 

Акцияның талабы бойынша ағаш көппәтерлі үйлердің ауласы мен қоғамдық орындардағы бос жатқан жерге отырғызылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына егілген соң оған сонда тұратындардың барлығы жауапты болады. Уақытында суарып, оның қурап қалмауын қадағалауы тиіс. Осы көктемнің өзінде 200-ге жуық алматылықтан өтініш түсіп, 3 мың түп ағаш отырғылған. Ал осы маусымда 12-13 қазан күндері жасыл желек әдеттегідей тегін таратылады.  

Мейіржан Бағатиев, экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

- Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет беріледі. Қыркүйек айының 23-нен қазан айының 4-не дейін өтінімдер қабылданады. Jasyl.aula.almaty@gmail.com электрондық поштасына қатысушының аты-жөні, ағаш отырғызатын орынның фотосы және сұралып отырған көшеттер санын жазып жіберу тиіс.

Оған қоса Алматыда барлық ескі қоқыс контейнері ауыстырылады. Оның орнына тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған осындай жерасты контейнерлер орнатылады. Артықшылығы, жабайы ит-мысық жолай алмайды. Тышқан, егеуқұйрық сияқты кеміргіштер болмайды. Қоқыстың иісі шықпайды. Сыйымдылығы бұрынғыға қарағанда үш есе үлкен.

Сәуле Бикенова, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Біздегі ең басты мәселе деп ірі көлемдегі жүкті айтар едім. Жөндеу жұмыстарынан соң көбіне құрылыс заттарын шығарып тастайды. Одан бөлек, үйдегі ескі төсек-орын, диван, шкаф сияқты дүние-мүлік те осында жатады. Олай жасауға мүлдем болмайды. Ондай заттарды көлік жалдап, полигонға апарып, өздері тастауы тиіс. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынады.

Расында да Алматыда тыйым салынған жерлерде қоқыс тастағаны үшін жауапкершілікке тарту күшейтілді. Ал жыл соңына дейін қалада мұндай тереңдете көмілген 800-ге жуық контейнер қойылады. Кейіннен оған қоқысты сұрыптап салу қолға алынады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейскенов.