Тұран жолбарысы «Іле-Балқаш» резерватын мекендейді

Қазақ даласына Тұран жолбарысын қайтару туралы бастама алғаш рет 15 жыл бұрын айтылған екен.

Жабайы аңдарды қорғау жөніндегі ауқымды форумда Қазақстан тарапы да өз үлесін қосуға ниет білдірген.

2010 жылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласында жолбарыстарды қорғау жөніндегі бірінші халықаралық форум өткен. Онда жолбарыс мекендейтін барлық елдер жабайы табиғаттағы жолбарыстар санын екі есе көбейтуге, яғни шамамен 3000 басқа жеткізуге келіскен. Әрине, бұл қатарда еліміз де бар. Сол форумда мысық тұқымдас жабайы жыртқышты Қазақстан табиғатына қайта оралтуға дайын екендігімізді білдіргенбіз. Содан соң бірлескен экспедиция жүргізілді. Біздің елдің және халықаралық ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында бірегей бағдарлама әзірленді. Аумағы 415 мың гектарды алып жатқан аумақта «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Міне, 15 жылға жуық уақыт өтіп, жобаның алғашқы нәтижесіне куә болып отырмыз.

Халықаралық жабайы табиғат қоры – бұл швейцариялық трансұлттық қоғамдық ұйым. Қоршаған ортаны қорғау, зерттеу және өз қалпында сақтаумен айналысатын әлемдегі бірден бір қоғамдастық десек болады.

Халықаралық қор Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіру бағытындағы бұл жобаға 2018 жылдан бері жалпы 4 млн еуродан астам қаржы салған. Алғашқы жылы 350 мың еуродан астам, одан кейін әр жылдары жүздеген мың еуроны бағыттап отырған. Биыл қосымша шығындарға тағы 700 мың еуродай қаражат жұмсалған.

Халықаралық қор бөлген қаржы

2018 ж. - €351 704

2019 ж. - €246 073

2020 ж. - €516 268

2021 ж. - €696 514

2022 ж. - €623 340

2023 ж. - €679 764

2024 ж. - €363 320

қосымша шығын - €695 397

Сонымен қатар бұл жыртқыштардың байырғы табиғи ортасына қайта жерсініп, одан әрі жетілуі үшін азық қоры қажет екені белгілі. Ол жайында еліміздің Экология министрі мәлімет берді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Аңдардың азық қорын дайындадық. Осы 7 жылдың ішінде 200 бас тоғай бұғысын, 60 бастай құлан, биыл күзде тағы 35 бастай құлан алып келеміз. Одан тыс сол жерде табиғи қабанның популяциясын, еліктің популяциясын көбейтуге біраз жұмыс жасадық.

Осылайша, Орталық Азияда Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін ең қолайлы орта ретінде еліміздің аумағы таңдалып, жолбарыстардың тарихи мекенінде популяциясын қалпына келтіруге маңызды қадамдар жасалып жатыр.